Атырау облысының Қызылқоға ауданында бірнеше ай бойы іздеуде болған 32 жастағы Наурыз Мұқанғалиев пен 35 жастағы Мейрамгүл Қарабалинаның мәйіті табылып, жақындары оларды ақтық сапарға шығарып салды, деп жазады Alash.kz.
Жангелдин ауылында өткен жерлеу рәсіміне марқұмдардың туыстары мен ауыл тұрғындары көптеп жиналды. Бұл отбасының жоғалғаны туралы ақпарат 2025 жылдың соңында тараған болатын. Қайғылы оқиғаның беті биылғы жылдың 6 қаңтарында ашыла бастады. Сол күні Қызылқоға ауданында ерлі-зайыпты 66 жастағы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы 64 жастағы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі өз үйлерінің ауласындағы қорадан табылған еді. Ал олардың балаларының мәйіті арада екі ай өткенде, 9 наурызда ғана анықталды.
Осы аса ауыр қылмысқа қатысты басты күдікті ретінде марқұмдардың күйеу баласы мен қызы қарастырылуда. Олар Индонезия аумағында ұсталып, 9 наурызда арнайы рейспен Қазақстанға жеткізілді. Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.