Таяу Шығыстағы әскери іс-қимылдар жаһандық мұнай нарығына әсер етіп, жанармай құнының құбылуына себеп болуда. ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Парсы шығанағындағы ахуалдың мұнай бағасына ықпалы мен оның Қазақстан нарығындағы көрінісіне қатысты пікір білдірді, деп жазады Alash.kz.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта АҚШ пен Парсы шығанағы елдерінде бензин бағасының өсуі байқалуда, алайда бұл үрдіс әзірге ішкі нарыққа әсер етпеген.
«Нақты айтқанда, Парсы шығанағы елдері мен Америкада бензин құнының өзгеруі байқалып отыр. Біз мұны жаңалықтардан оқып, көріп отырмыз. Қазақстанда ондай мәселе жоқ», - деді Ерлан Ақкенженов Мәжіліс кулуарында берген сұхбатында.
Энергетика министрлігінің басшысы мұнай бағасының тұрақсыздығын мұнай инфрақұрылымына жасалған шабуылдармен байланыстырады. Оның мәліметінше, мұнайдың баррелі ең жоғарғы шегі 119 долларға жетіп, кейін 87 долларға дейін төмендеген. Қазіргі таңда бағаның 80 доллар маңында қалыптасуына негіз бар, себебі Парсы шығанағындағы мұнай нысандарына жасалған өзара соққылар нарықтағы мұнай көлемінің физикалық тұрғыдан азаюына әкеп соқты.
Министр алдағы уақытта жағдайдың қалай өрбитіні тікелей әскери қақтығыстың барысына байланысты болатынын атап өтті.
«Бағаның 80 доллар маңында болуына алғышарттар бар, өйткені Парсы шығанағы елдерінің мұнай инфрақұрылымына жасалған шабуылдарды көріп отырмыз. Өзара шабуылдар. Әрине, бұл нарықтағы мұнай көлемінің физикалық тұрғыдан азаюына әсер етті. Барлығы қақтығыстың қалай дамитынына байланысты», - деп түсіндірді ол.