Қазақстанда дүниеге келіп, кейіннен америкалық отбасы асырап алған ер адам өз тамырын іздеуге кірісті. Ол өзінің биологиялық туыстарын табу мақсатында әлеуметтік желі арқылы көпшіліктен көмек сұрады, деп жазады Alash.kz.
Іздеу салып жатқан азамат — 1998 жылы 26 қарашада Қарағанды қаласында дүниеге келген Николас Пикколо. Оның Қазақстандағы туу туралы құжаттарындағы есімі — Руслан Умурзаков. 2003 жылдың 19 қаңтарында ол Қарағандыдағы «Малютка» балалар үйінен асырап алынған.
Николастың жұбайы бұл өтінішті Facebook желісіндегі «Kazakh American Association» тобында жариялады. Ол қолындағы бар ақпараттың аздығына қарамастан, туыстарын табуға үмітті екенін білдірді.
Ерлі-зайыптылар биологиялық ата-анасы немесе оның отбасы туралы қандай да бір мәліметі бар азаматтардан хабарласуды сұрайды. Асырап алынған азаматтың өзі бұл іздеу шарасы арқылы өз тарихын толықтыруды көздеп отыр.
