Қазақстанда бала күтімімен айналысқан, ресми түрде жұмыс істемейтін әкелердің декреттік демалыс кезеңі енді зейнетақы тағайындау кезінде еңбек өтіліне қосылады, деп хабарлайды Alash.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар бастамашы болған қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Құжат аясында Еңбек кодексі мен «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланған. Соның ішінде жұмыс істемейтін әкелердің бала күтіміне арнаған уақыты олардың зейнетақы төлемдерін есептеу кезінде еңбек өтілі ретінде есептеледі.
Бұдан бөлек, депутаттар бұл нормаларды нақтылай түсу үшін Әлеуметтік кодекске де түзетулер енгізуді ұсынып отыр.
Заң жобасында қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыруға бағытталған басқа да маңызды өзгерістер бар. Атап айтқанда, еңбек дауларында келісу комиссиясына делдал тарту тәртібі көрсетілген. Ал өндірістік жарақаттың ауырлығын анықтау ережелерін уәкілетті денсаулық сақтау органы бекітетін болады.