Бүгінде жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының (ЖМЗЖ) мөлшері 2,5%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен 5%-ға дейін көтеріледі. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жұмыс берушілер төлейтін зейнетақы жарнасының 5%-ының 4%-ын азаматтардың жеке шотына аудару туралы ұсыныс көтерді, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
«Қазір Бірыңғай зейнетақы қорына әрқайсысымыздың жалақымыздан 10% аударым міндетті түрде жасалады. Былтыр жұмыс берушілер де өз қаражатынан аударым жасауға міндеттелді. Енді біз және қаржыгерлер осы қосымша жұмыс берушілердің төлейтін 5%-ының 4%-ын әр адамның жеке шотына берсе дейміз. 1%-ын жалпы қорға аударуды ұсынамыз. Өйткені елімізде жалақы алмайтын азаматтар да бар. Оларға да зейнетақы төленуі керек. Мәселен, қазір сіз БАҚ-та қызмет етіп жүрсеңіз әр жалақыңыздың 10%-ы БЖЗҚ-ға аударылып жатыр. Оған жұмыс берушінің 5%-ы да қосылады. Жоғарыда айтқан пікірімізді бұрынғы Ұлттық банк қызметкерлері, төрағалары да қолдап отыр. Менің де жеке пікірім осы ұстанымға саяды», - деді Асхат Аймағамбетов.