Маңғыстауда апатқа ұшыраған ұшақта болған әзірбайжандық азамат Нурулла Сираджов қазақстандық дәрігерлер өзіне жақсы қарағанын айтып, алғысын білдірді. Бұл туралы Alash.KZ порталы Report порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Stan.kz ақпарат агенттігінің жазуынша, Нурулла Сираджов қазақстандық дәрігерлердің өзіне жақсы жағдай жасап, қамқорлық көрсеткеніне ризашылығын білдірді.
“Менің саусағым сынған, оған гипс салды, көгерген жерлері бар. Қазақстанда біздің жағдайымызды жасады. Мұнда да асты-үстімізге түсіп жатыр. Біз бәріне ризамыз. Бұдан жақсы болуы мүмкін емес, бәрі ең жоғарғы деңгейде болды”, – дейді Нурулла Сираджов.
Зардап шеккен азамат әйелінің жағдайынан бейхабар.
“Әйелімнің жағдайы туралы ештеңе білмеймін. Оның жай-күйін білсем деп едім. Оны көргім келеді. Ұшақта бірге отырған едік. Бірақ апаттан кейін оны көрмедім. Бәрінен де әйелімді қатты сағындым”, – дейді азамат.
Жантүршігерлік апаттан аман қалған тағы бір Әзірбайжан азаматы Самир Дарвишов Грозныйға әкесімен бірге ұшқанын айтады.
“Бауырыммен кездесіп, жұмыс қарастырмақ едік. Менің жағдайым қалыпты. Дәрігерлер бізге жақсы қарап жатыр. Барлық тексерістен өттім. Қазақстанда да бізге жақсы қарап, жағдайымызды жасады. Оларға алғыс айтамын”, – дейді Самир Дарвишов.