Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Үш баламның алименті жатыр, арыз жазса сотталамын - АЛМАС ӨТЕШОВ

15:04, 05 ақпан 2025 359

Спортшы Алмас Өтешов өзінің қазіргі жағдайын баяндады, деп хабарлайды Alash.kz.

Ол министрліктен жұмысқа тұрғызу жағынан көмек көрсетулерін сұрады.

"Ендігі арманым жұмыс істеп, еңбек ету. Арманыма несиенің кесірінен жете алмай отырмын. Несиемнің бәрі жабылса, бапкер болып жұмысқа кірісуге ертең-ақ дайынмын. Қазір барлығы 15миллион теңгеден астам қарызым бар", - деді ол.

Чемпион болған кезінде берілген үй қазір ауада тұрғанын айтты.

"2013 жылы Қырымбек Елеуұлы Көшербаев жеңісім үшін маған берген үш бөлмелі үй былай айтқанда ауада тұр десек болады. Үйді сата алмаймын. Үй менің атымда, бірақ спорт мектебінің меншігінде тұр. Үйді менің атыма аударып берсе, сатып, қарызымды жабатын едім, жұмысқа орналасатын едім. Ол жақта жалақы беріледі, қазір ипотекалық бағдарлама көп, соның бірімен бұйырған үйді алатын едім. Оған дейін пәтер жалдап тұратын едім. Алимент бойынша қарызым қанша болғанын білмеймін, экс-келіншегім қудалап, арыз жазып жатқан жоқ. Өйткені оған бауырларым, тәтем көмектесіп жатыр. Егер ол арыз жазса, барады да мені қамап тастайды. Қанша жылдан бері алимент төлемедім, немен төлеймін? Менде жұмыс жоқ, әйтпесе менде жүрек жоқ дейсіздер ме? Өзім жемесем де, сол үш балама беретін едім. Менде ешқандай табыс көзі жоқ, сөздің тоқетеріне келсек, мені қазір екінші әйелім асырап отыр. Одан кейін арасында 50-60 мың теңге беріп тұратын достарым, ағаларым бар", - деді ол.

Қолма-қол ақша беретіні үшін ғана күзетшілік жұмысты тағдағанын айтты.

"Қанша жылдан бері осылай келе жатырмын, болмағаннан кейін күзетші болып жұмысқа кірдім. Қашанғы арамтамақ болып жата беремін. Күзетші болғаныма намыстанып жыладым. Әрине, күзетші де жұмыс қой, бірақ кезінде әлем чемпионы болған Алмас Өтешов күзетші болып жүр.
Қазір жалақыны кассадан қолма-қол беретін баяғы заман емес, қазір білесіз, бәрі шотқа түседі. Менің шотымның бәрі бұғатталған, жауып тастаған. Ал жұмысқа кірсең, айлық түсіруге шоттың деректерін сұрайды. Енді мен тегін жұмыс істей алмаймын ғой, мен де тамақ ішу керекпін, нан жеу керекпін. Болмаған соң күзетші болып жұмысқа кірдім, ол жақта айлықты қолма-қол береді. Амал жоқ қой енді, басқа не істеймін, әркімнен нан сұрап, үйде арамтамақ болып жатпаймын ғой", - деді спортшы.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар