Ресей-Украина соғысын тоқтату бағытындағы келіссөздерде жаңа бетбұрыс орын алды, деп хабарлайды Alash.kz Axios басылымына сілтеме жасап.
Ресей тарабы бейбіт келісімге қол қойылғанға дейін, Украина аумағында территориялық мәселелерге қатысты референдум өткізу үшін ұрыс қимылдарын уақытша тоқтату мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін танытқан.
Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі ретінде жақында өткен кездесуді айтуға болады. Трамптың өкілдері Уиткофф пен Кушнер Мәскеу мен Киев тараптарымен келіссөз жүргізді. Ресей атынан Юрий Ушаков қатысқан бұл диалог барысында Украина мен АҚШ бірқатар түйткілді мәселелер бойынша, соның ішінде қауіпсіздік кепілдігіне қатысты ортақ мәмілеге келген.
АҚШ шенеуніктері Дональд Трамптың Украинаға арналған қауіпсіздік кепілдігін Конгресске жолдауға ниетті екенін растап отыр. Бұл құжат өзінің мазмұны мен пәрмені жағынан НАТО-ның 5-ші жарғысына (ұжымдық қорғаныс қағидасына) ұқсас болмақ.
Айта кетерлігі, бұған дейін Кремль әскери қимылдарды кез келген жағдайда уақытша тоқтатудан үзілді-кесілді бас тартып келген болатын.