Жетісу облысында әкесін үнемі ұрып-соққан ағайындыларға қатысты сот үкімі шықты, деп жазады Alash.kz.
Жансүгіров ауылының 62 жастағы тұрғыны өз ұлдарының тарапынан көрсетілетін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа шағымданды. Қарияның айтуынша, 31 және 34 жастағы балалары оны жүйелі түрде соққыға жығып келген. Аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары тиісті шараларды қабылдап, сот шешімін жариялады.
Полиция департаментінің мәліметінше, бұл отбасындағы кикілжіңдер бұған дейін де бірнеше мәрте орын алған. Тіпті, жанжалдардың бірінде араша түспек болған туысы пышақ жарақатын алған оқиға да тіркелген. Тәртіп сақшылары күдіктілерді бірнеше рет ұстағанымен, олар босап шыққан соң үйіне қайта оралып, әкесіне қысым көрсетуді тоқтатпаған.
Сот отырысының қорытындысы бойынша екі ер адам да кінәлі деп танылып, оларға әкімшілік қамауға алу жазасы кесілді. Сонымен қатар сот қаулысымен айыпталушыларға арнайы шектеулер қойылды. Енді үш ай бойы оларға әкесіне жақындауға үзілді-кесілді тыйым салынады. Мамыр айында қамаудан босап шыққан соң, ағайындылардың екеуі де ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне алынып, қатаң бақылауда болады.
Айта кетейік, елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік айтарлықтай күшейтілген. Мәселен, 2025 жылдың қыркүйегінде Түркістан облысында әкесін аяусыз ұрып өлтірген тұрғын 5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Қазіргі таңда Жетісу облысындағы бұл жағдай құзырлы органдардың жіті қадағалауына алынды.