Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Ұрып-соғып, тұншықтырғанын айтқан": Өз пәтерінде мәйіті табылған келіншектің жақындары жанайқайын айтты (ВИДЕО)

16:54, 20 тамыз 2026

Қарағандыда өз пәтерінен өлі табылған 28 жастағы Динара Мыңбаева туыстары оқиғаның өзіне-өзі қол жұмсағанына сенбей, қайта тергеу жүргізуді талап етуде, деп хабарлайды Alash.kz.

Марқұм 2025 жылғы 3 шілдеде күйеуімен бірге тұрған пәтерде асылып тұрған күйінде табылған. Тәртіп сақшылары істі «өзіне-өзі қол салу» бабымен тіркеп, кейін қылмыстық істі жауып тастаған. Алайда марқұмның отбасы оның өлімінің мән-жайы мұқият қайта тергелуі тиіс деп есептейді.

Марқұмның әпкесінің айтуынша, трагедиядан бір күн бұрын Динара мен оның күйеуі арасында үлкен жанжал болған. Бойжеткен 102 пультіне хабарласып, күйеуінің өзін соққыға жыққанын айтқан. Алайда туыстары келген тәртіп сақшылары оны арызында тек сөзге келіп қалғандарын (балағаттау фактісін) ғана жазуға көндіргенін алға тартады.

Сол түні Динара анасына қоңырау шалып, өзін ұрып-соғып, тұншықтырғанын айтқан және балаларымен бірге алып кетуді өтінген.

Анасы Шымкенттен шығуға жиналғанымен, сол әңгімеден кейін Динарамен байланысу мүмкін болмай қалған. Ал келесі күні туыстарына оның қайтыс болғаны туралы қаралы хабар жеткен.

Отбасы мүшелері істегі көптеген сәйкессіздіктерге назар аудартып отыр. Олардың сөзінше, бойжеткеннің денесінде соққыдан қалған көгерген іздер болған, пәтерден кілем жоғалған, ал денесі ата-анасы жеткенше мәйітханаға әкетілген. Отбасы Динараны біреулер өлтіріп, соңынан өзіне-өзі қол жұмсады деп суреттеп қоюы мүмкін деген күдікте.

Марқұмның жақындары Бас прокуратура мен ІІМ-нен тергеуді қайта жандандыруды және оқиға алдында шақыруға келген полиция қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беруді талап етуде.

Динара Мыңбаеваның артында үш жасар және бір жарым жасар кішкентай ұлдары қалды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар