Бокстан 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев елге оралды. Атақты спортшы енді ұлттық құрамаға резерв дайындаумен айналысады, деп жазады Alash.KZ.
Сәрсекбаев осы мақсатта 12-19 ақпан аралығында Талдықорғанда 18-22 жас аралығындағы боксшылар арасынан резервті құрамаға іріктеу чемпионатын өткізбекші екен. Кейін үздіктерін іріктеп алып, жаттығуды бастайды.
«Менің шетелден елге қайтқанымды естіп жатқан боларсыздар. Бокс федерациясының президентінің тапсырмасымен, Спорт және туризм министрінің шақыруымен елге қайттым. Маған министрдің берген тапсырмасы – Ұлттық құрама жанынан резервтік құрама құру. Мақсат – бірінің жалынан бірі тістеп тұрған, Ұлттық құрамдағы барлық салмаққа бәсекелес/резерв дайындау. Қазіргі ұлттық құрама өзінің жағдайын Олимпиадада, Азия чемпионатында көрсетті. Спортшылардың бұлай әлсіреуі – бәсекелестіктің жоқтығы. Өз салмағында теке тіресіп тұрған мықты бәсекелесі болмаса, спортшы өспейді, босаңсып кетеді», - дейді Бақыт Сәрсекбаев.
Бақыт Сәрсекбаев қазір бәсекелестік төмендеп кеткенін, ол бокста жүрген тұста Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев, Геннадий Головкин, Серік Елеуов, Қанат Әбутәліпов, Мейіржан Рахымжанов, Галиб Жафаров сияқты кіл мықтылар болғанын еске салды.
«Бір салмақты 5-6 мықтыдан болдық. Ұлттық құрама әкеңнің төрі емес екенін білеміз, еркелігің ешкімге керек емес, қалт етсең сенің орныңды басатын резерв толып жүр. Тек жаныңды салып, тер төксең ғана дегеніңе жете аласың. Жыртылған аяқ киімді өзіміз тігіп алып, кірімізді өзіміз жудық. Жыртық көрпеде, бір бөлмеде 3-4 баладан жатып, Біркөлік тауының тасын кезіп жаттыққан сол құрама елімізге бірнеше Олимпиада және әлем жеңімпаздарын берді. Қазір мен бірнеше спорт базаларын аралап көрдім, керемет жағдай жасалған. Тіпті біз армандамаған нәрселер бар», - дейді бапкер.
Ол қазіргі бокс философиясы өзгергенін, өткен күндерден сабақ алып, қорытынды шығаруға жұмыс істегісі келетінін алға тартады. Өзгеріске ұшыраған қазақ боксының стилін қайтарғысы келеді.