Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ұлт көсемі: Жылап кісі сүйкімді болмақ емес. Адам болатын болсаң, өз беліңді ықшамдап өзің байла. Саясат ісі бір күнде бола қоймайды

23:12, 05 шілде 2024 357

Біздің "Қазақ"-ты оқушыларға белгілі, өткен майда мұсылман рухани істері туралы Петерборда ішкі істер министрі қол астында мәжіліс болғаны. Үкімет адамдары қай уақытта көзі байлаулы, адасып жүреді. Мұсылман рухани ісін хүкімет түземек болса, бұған біз жәрдемші болып, адасқан соқырды түзу жолға салып жіберелік деп Государственни Думадағы мұсылман депутаттары үкімет сиезімен жармаса мұсылман сиезі жасамақ болған.

Мұсылман депутаттарының ағасы Құтлұмұһаммед Тефкелев ішкі істер министрімен бұл туралы жолыққанда, министр айтқан мұсылмандар сиезінің шарты мынау: біздің хүкімет сиезінен соң болмақ; майда емес, июнде болмақ; шақырылған кісінің саны 35-тен аспасын, бұлардың ісписігін министр қарамақ, сиез жасырын болмақ; үкімет жағынан күзетші кісі тұрмақ һәм сиезде газетаға хат жазатын кісілер болмақ емес. Еуропада бұл түрлі сиезді адам баласы білмейді. Біз 17-інші өктәбір манифесінен бері Еуропа жолына шықтық деп мақтанушы едік, Еуропаға ұрлаған сиез шығарып, жаңа жол көрсеттік.

Тефкелев мырза, өзге дағдылы сиез біздің мұсылман қолынан келмесе, осы ұрланған сиезбен болса да пайдалана тұралық деп, министрдің шарттарын мақұл көрген.

Осымен 35 кісі 15-25-інші июнде болатын мұсылман сиезіне Петерборға шақырылған. Петербордағы 5-6 мұсылман депутаты мен сиез кісісі 41 болмақ еді. Қазаннан бірінші Государственны Дума шлені Алкин, Бақша сарайдан "тәржімән" басшысы Ысмағұл мырза Гаспрински, Екатеринодардан Трахов сиезде болмады. Тарихи жолындағы мұсылман басшысы Ысмағұл мырза науқас болып келе алмағаны көп өкініш болды. Бұл кем қалған үш кісі орнына біздің қазақтан Садуақас мырза мен Шорманов Павлодар оязынан, молла Досан Аманшы баласы Орал оязынан һәм Ғабдолрахман Нарымбай баласы Перовскік оязынан сиезге кірді.

Біздің қазақ Россия қол астындағы мұсылманның төрттен бірі. Сиезде қазақ 10-нан аса болу керек еді, жетеу-ақ болды. Сиез жолында, мұнда болған кісі жұрт сайлаған кісі болмақ; уақыт тар болып, сиез болар-болмаса хүкімет қолында болып, жұрт өкілін сайлай алмады.

Сиезге барған кісі біздің жұрт мынаны мақұлдайды, мынау біздің мақсұдымыз деп, жұрт фікірін ала келмек. Бізде бұл шарт болмады. Біз қазаққа осы шарт, мақсұд-ау деп, өз фікірімізді қуаттап өттік. Бұл сиез жолында зор кемшілік.

Бостандық сиез бермеген қисықтық үкімет мойнында. Бұл өз алдына бір жол. Үкімет өз фікірін орнына салмақ. Бізге үкімет қырын қараса, бұған жаланы аударғаннан қазақ ісіне не пайда. Жылап кісі сүйкімді болмақ емес. Адам болатын болсаң, өз беліңді ықшамдап өзің байла. Саясат ісі бір күнде бола қоймайды. Жұрт мақсұды көп жыл арқылы болатын талас-тартыспен орнына барады. Тірі адамға алдымыз талас-тартыс. Жұрт мақсұды 17-інші өктәбір манифесінен бері Государственни Дума майданынан, сыннан өтіп орнына барады. Бұған заманына қарай амалы нешік әдіс керек. Мұсылман сиезі осы әдістің бірі. Мұндай іске күн бұрын даяр болу жұрттың өз мойнында. Біз қазақ жүгенді көшкен күні ғана іздеп отырмыз.Ендігі хатта сиезде болғанды қысқартып жазамын.

Ғали хан.

"Қазақ" газеті, №69,09.VII. 1914 ж. Орынбор

Дереккөз: Бөкейхан Ә. Шығармалары. IX том.- Астана, 2018

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар