Алматы облысының атышулы Талғар ауданында жасы елуден асқан ер адам оқушы қызға біртүрлі ұсыныс жасап, қыздың белінен құшақтаған, осы сәт тұрғынүйдің бейнекамерасына түсіп қалыпты, деп жазады Alash.KZ.
Ер адамның ерсі ісі туралы әлеуметтік желі қолданушы Тоқтар Жақаш жазба жариялады.
"Кеше Алматының шетінде, Талғар ауданының Бесағаш ауылындағы "Алматау" тұрғын үй кешенінде тағы бір қайғылы оқиға бола жаздады. Күндізгі сағат 15.30-16.00 шамасында мектептен үйге қайтып келе жатқан 15 жастағы оқушы қыз дәл есіктің алдында зорлықтың құрбаны бола жаздаған. Подьезге жақындағанда, арғы жақтан үй жаққа қисалаңдап келе жатқан еркек 15 жастағы қыздың мойнынан құшақтай алады. Шошып кеткен қыз бала қолын ары итеріп жібереді. Ойында ештеңе жоқ, подъезге кіреді. Сөйтсе, әлгі еркек артынан жүгіріп келіп, белінен құшақтап, құлағына "Квартираға жүр, демалайық" дейді. Кішкентай қыз тағы шоршып түседі. Әйтеуір, өйтіп-бүйтіп құтылып, лифтке мініп, пәтеріне әрең жетеді" деп жазды ол.
Кешке қарай қыздың анасы дереу полиция шақырады. Талғар аудандық Ішкі істер бөлімінің Мадияр және Зейін деген екі участкелік полиция қызметкері келген. Олар үшінші қабатта тұратын ер адамның пәтеріне барады. Пәтерден оның ұлы мен қызы шығып, қыздың анасына ауыр сөздер айтқан.
Ал қыздың құқығын қорғайды деген полиция қызметкерлері: "Қызың зорланған жоқ, аман-есен. Қоя сал!" деп қыздың анасын азғырған. "Сендер қызым зорланса ғана қимылдайсыңдр ма? Неге о кісіге сабақ болатындай бір шара көрмейсіңдер?!" дейді қыз анасы. Полиция онысын тыңдамаған. Ал әлгі күдіктінің ұлы мен қызы "Бізге ештеңе істей алмайсыңдар! Барлық жерде адамдарымыз бар! Білгеніңді қыл!" деген көрінеді. Учаскелік полиция қызметкерлері "Сізде дәлел жоқ!" дейді.
Үйдің сыртқы жағы мен подъездегі бейнекамерада қызды әлгі ер адамның құшақтағаны, подъезде белінен ұстағаны бәрі анық жазылып қалған.
Кеше қозғалмай қойған Талғар полициясы оқиға әлеуметтік желіде тарап кеткен соң ғана әрекетке келген. Оқушы қыздың анасына хабарласыпты бүгін.
"Кеше кешкісін Талғар аудандық ІІБ бастығының орынбасары хабарласып, бөлімшеге шұғыл шақыртты. Кешегідей емес, барлығы жүгіріп, жік-жаппар болып, қызым екеумізден қайта-қайта кешірім сұрады. Қылмыстық іс қозғап, анау адамды алдыртты. Сөйтсек, онымыз шал емес, 1974 жылғы еңгезердей еркек екен. Қызымнан оқиғаның бәрін тәптіштеп сұрап, видеоға бәрін түсіріп алды" дейді.