«Отбасы банк» 12 қаңтардың кешінен бастап БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының артық бөлігін медициналық мақсатқа пайдалану туралы өтінімдерді қабылдауды уақытша доғарды, деп хабарлайды Alash.kz.
Банк өкілдері ресми мәлімдемесінде бұл қадамның себебін былай деп ашып көрсетті:
«Отбасы банкі Денсаулық сақтау министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, БЗЖ есебінен медициналық қызметтерді алуға қойылатын талаптарды қайта қарайды және зейнетақы артықшылықтарын мақсатсыз пайдалануды болдырмау үшін ақпараттық жүйелерді ықпалдастыру тетіктерін пысықтайды».
Шектеудің енгізілуіне өткен жылдың желтоқсан айында радиохирургиялық ем қабылдауға ниеттілер санының күрт артуы түрткі болған. Нақтырақ айтқанда, бір айдың ішінде онкологиялық дертті емдеу үшін зейнетақы қаржысын алуға 7 мыңнан астам өтініш түскен. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұған дейінгі жылдары мұндай өтінімдердің жалпы саны небәрі 500-ден аспаған еді.