Алматыда Интерпол арқылы іздеуде жүрген Түркия азаматы ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап Alash.kz хабарлады.
Оқиға туралы Қазақстан Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаментінің басшысы Қанат Нұрмағамбетов мәлімдеді. Оның айтуынша, күдікті былтыр қазан айында ұсталған.
Полиция мәліметінше, Түркия азаматы Алматы халықаралық әуежайында Бакуге ұшып кетпек болған кезде қолға түскен. Ол жезөкшелікке делдалдық жасау бойынша Интерпол желісі арқылы іздеуде жүрген.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған кезде оның жынысын ер адамнан әйелге ауыстырғаны белгілі болған. Қазіргі уақытта оны Түркияға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр.
Қанат Нұрмағамбетовтің айтуынша, былтыр шетелдік құқық қорғау органдарының сұрауы бойынша Қазақстанда 690 іздеудегі адам ұсталған, ал биыл жылдың басынан бері 60 адам қолға түскен.
Еске салайық, бұған дейін Атырауда полиция екі трансгендерді ұстаған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, олар ВИЧ инфекциясы бар екенін біле тұра жезөкшелікпен айналысқан деген күдікке ілінген. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.