Данияда АҚШ президенті Дональд Трамптың Гренландияны аннексиялау жөніндегі жоспарларына қарсы мыңдаған адам көшеге шықты. Бұл туралы 17 қаңтарда Daily Express газеті хабарлады, деп жазды Alash.kz.
Наразылық акциясы елдің екінші ірі қаласы - Орхус қаласында өтті. Шеруге отбасылар, белсенділер және Гренландия тұрғындары қатысып, Трамптың бастамасына қарсылық білдірді.
Митингке жиналғандар «Гренландиядан қолыңды тарт!» және «Американы елімізден кетіреміз!» деген жазуы бар плакаттар ұстап шыққан.
Шара барысында сөз алғандар Гренландияның болашағы тек оның халқының шешімімен айқындалуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар Дания өз аумағын ешқашан саяси мақсатта бермейтіні де баса айтылды.
Айта кетейік, Дональд Трамп 14 қаңтарда АҚШ пен Дания арасындағы қарым-қатынасты «жақсы» деп бағалағанымен, Гренландияны Вашингтон үшін ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан маңызды деп атаған. Ал Гренландия үкіметінің басшысы Йенс-Фредерик Нильсен АҚШ-тың аралға қатысты «қайталана беретін риторикасын» құрметсіз әрі қабылдауға болмайтын мәлімдеме деп бағалады.