Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Тоқаев: «Сауатсыз, әсіресе ашкөз, көрсеқызар, жемқорлыққа бейім адам ешқашан патриот бола алмайды»

14:48, 28 қаңтар 2026

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінде жиын өткізді, деп хабарлайды Alash.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Президент сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтап, осыдан бес жыл бұрын, ел ішінде ауқымды өзгерістер қолға алынып жатқан тарихи кезеңде құрылған Қаржылық мониторинг агенттігі өзіне жүктелген жауапкершілік пен міндетті абыроймен орындап келе жатқанына назар аударды. 

– Жалпы, осындай қысқа мерзім ішінде көп жұмыс істелді, біраз тәжірибе жинақталды. Бүгінде Қаржылық мониторинг агенттігі еліміздің экономикалық және ұлттық қауіпсіздік жүйесінде маңызды рөл атқаратын дербес құрылымға айналды. Мұны табанды еңбек пен адал қызметтің нәтижесі деуге болады. Агенттік қызметкерлеріне ризашылығымды білдіремін. Бірақ босаңсуға болмайды. Себебі алдымызда биік мақсаттар мен ауқымды жұмыс бар. Әсіресе, қазір өте қарқынды дамып жатқан цифрлық технология мен жасанды интеллект дәуірінде жұмысқа түбегейлі жаңа көзқараспен қарау міндеті тұр. Бұл мәселе туралы «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда және Ұлттық құрылтай отырысында анық айттым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

– Қаржылық барлау қызметкерлерінен нағыз жауапкершілік пен жасампаздық тұрғысынан қарайтын отаншылдықты талап етемін. Мұндай қасиетке ие адамдар жемқорлықтан, ашкөздіктен, сауатсыздықтан ада болуға тиіс. Сауатсыз, әсіресе ашкөз, көрсеқызар, жемқорлыққа бейім адам ешқашан патриот бола алмайды. Әрине, ол өзін патриот санауы, алаулатып, жалаулатып сөйлеуі мүмкін. Алайда ол патриот емес және оны бәрі біледі. Сондықтан бұл арада отаншылдықты дұрыс түсіне білгеніміз абзал. Мен бұл жөнінде Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында айттым. Қазіргі уақытта жаңа Конституцияның мазмұнын қарап жатырмыз. Біз осы өзгерістер аясында патриотизм туралы ұғымды нақтылап, жауапкершілікке әрі жасампаздыққа құрылған отаншылдықты айқындай аламыз деп ойлаймын. Нағыз патриот барлық жерде, ол Қаржылық мониторинг агенттігі немесе мемлекеттік меншіктегі кәсіпорын болсын, жеке кәсіпкерлік нысаны, университет, мектеп болсын, адал еңбек етуге тиіс. Әркім өз жұмысын жақсы атқарса, оны патриот деп санаймыз. Жалпы, тексеру шаралары мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелеріне қатысты жұмысқа кесірін тигізбеуі керек. Бюджет қаражатын уақтылы игеруге де кедергі келтірмеуі қажет. Ақпараттық, коммерциялық қауіпсіздікті және жеке деректерді қорғау мәселесін назарда ұстаған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар