АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы қақтығысты қысқа мерзім ішінде аяқтауға нақты мүмкіндік барын мәлімдеді, деп жазады Alash.KZ сайты Ұлысқа сілтеме беріп.
Вашингтонда Владимир Зеленскиймен кездескен кезінде Трамп соғыс Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен өтетін алдағы кездесуге дейін аяқталуы ықтимал екенін айтты.
АҚШ басшысының айтуынша, ол Си Цзиньпинмен Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастық саммиті аясында кездесуді жоспарлап отыр.
Іс-шара 31 қазан мен 1 қараша аралығында Оңтүстік Кореяда өтеді.
ДОНАЛЬД ТРАМПТЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ:
«Үш президентті бір үстел басына жинау қажет. Мен делдал ретінде әрекет етемін. Бұл кездесудің сәтті өтуі үшін дипломатиялық тұрғыда тиянақты дайындық керек. Егер бұл жүзеге асса, менің аяқтайтын тоғызыншы соғысым болады. Бұл қақтығысты тоқтату – мен үшін зор мәртебе. Мен Украина мен Ресей халықтарының татуласқанын қалаймын», – деді Трамп.