Атырауда өзін “хакер” деп таныстырған азаматқа халықаралық іздеу жарияланды, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Атырау облысының полиция департаменті өзін “атыраулық хакер” деп таныстырған азаматқа қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша жаңа мәліметтерді жариялады.
Ведомствоның хабарлауынша, 2025 жылдың сәуір айында алаяқтық дерегі бойынша төрт арыз түсіп, соның негізінде қылмыстық іс қозғалған. Іс төрт эпизодтан тұрады және Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында жоғалған отбасының ісіне қатысы жоқ. Қазір күдіктіге халықаралық іздеу жарияланып, тергеу жалғасып жатыр.
Полиция мәліметінше, аталған азамат 2025 жылдың сәуірінде Қазақстаннан кеткен. Әлеуметтік желілерде өз “тергеуін” жариялай бастаған кезде шетелде болған.
Еске салайық, 2025 жылдың күзінде Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі із-түссіз жоғалған. Кейін үй ауласынан ерлі-зайыптының мәйіттері табылды. Балалары әлі де іздестірілуде.
Аталған іс бойынша кісі өлтірді деген күдікпен 29 жастағы күйеу бала – Сұлтан Сәрсемәлиевге іздеу жарияланған. Полиция күдіктінің орналасқан жері белгілі екенін және жақын арада ұсталу мүмкін екенін мәлімдеді.