Қамауға алынған бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановқа қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
“Мәдениет және спорт министрлігінің бұрынғы вице-министріне қатысты тергеу аяқталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қоғамда заңдылық пен тәртіп қағидатын қамтамасыз ету, сондай-ақ жоғары лауазымды тұлғалар арасындағы сыбайлас жемқорлықты жою бойынша жұмыстарын жалғастыруда.
Осылайша, Агенттік Мәдениет және спорт министрлігінің бұрынғы вице-министрі және мердігер ұйым басшылығына қатысты ауыр қылмыс жасағаны бойынша тергеуді аяқтады.
Олар қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды және 1 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп айыпталуда.
Өткен жылдың 13 желтоқсанында Бас Прокуратура күдіктілерді сотқа берді.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі”,- делінген Антикор таратқан хабарламада.