2026 жылдың басында теңге бағамы, доллар мен басқа да валюталардың динамикасы, сондай-ақ мұнай нарығының перспективалары Қазақстан экономикасы үшін басты тақырыптар болып қала бермек, деп хабарлайды Alash.kz.
Тұрақсыз әлемдік конъюнктура, геосаяси тәуекелдер және Ұлттық банк шешімдеріне қатысты күтілімдер аясында жақын арадағы болжамдар мәселесі ерекше өзекті болып отыр. Алдағы үш айда теңгені, мұнай мен криптовалютаны не күтуі мүмкін екендігі туралы қаржы нарығының сарапшылары SHYNDYK.KZ-ке берген сұхбатында айтып берді.
Бүгінде доллар 509–515 теңге аралығында саудалануда, ресми бағам 509,84 теңгені құрайды. Еуро 595–610 теңге дәлізінде, рубль 6,47 теңге шамасында, ал юань 73,02 теңге болып тұр. 2025 жылдың соңымен салыстырғанда теңге анағұрлым тұрақты көрінеді. Күзде доллар бағасы 549 теңгеге дейін көтерілген болатын.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының жетекші талдаушысы Алмат Орақбайдың айтуынша, алдағы үш айға арналған болжамды ішкі және сыртқы факторлар қиындатып отыр. Ұлттық банктің шетел валютасын сатуы, сауда балансының жай-күйі, бюджет саясаты және валютаға деген маусымдық сұраныс шешуші рөл атқарады. Сәуір айында бизнес пен халық тарапынан сұраныстың артуына байланысты теңге әлсіреуі мүмкін.
Қаржыгер Расул Рысмамбетов экспорттық кірістер өспейінше теңгенің ұзақ мерзімді нығаюы туралы айту қиын екенін, ал carry trade әсері қысқа мерзімді болып қала беретінін айтады. Оның бағалауынша, доллар өзінің салыстырмалы күшін сақтайды, ал рубль бағамы құбылып тұрады.