Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Тарихи келісім»: Трамп Газадағы ахуалға қатысты әлем күтпеген мәлімдеме жасады

21:21, 31 шілде 2026

АҚШ президенті Дональд Трамп Газа секторындағы ХАМАС пен өзге де қарулы топтарды толық қарусыздандыру жөнінде «тарихи келісімге» қол жеткізгенін жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.

Алайда палестиналық қозғалыс өкілдері бұл құжатты тек жоба ретінде бағалап отыр. Ал, Reuters мәліметінше, Израиль тарапы бұған қарсылығын білдіріп үлгерген.

Дональд Трамптың сөзінше, келісімге Каирдегі дәнекерлер мен ХАМАС басшылары арасындағы сөйлесулерден кейін қол жеткізілген және бұл процесс кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы тиіс. АҚШ басшысы аталған құжат Газаны басқаруды Қазақстан да мүше болып табылатын Бейбітшілік кеңесімен ынтымақтасатын жаңа палестиналық үкіметке тапсырудағы маңызды қадам болатынын атап өтті.

Жоба бойынша ауыр қару-жарақ Палестина әкімшілігінің ғана бақылауына берілуі керек және ол Израильге тапсырылмайды. Осы орайда ХАМАС келіссөз тобының мүшесі Ғази Хамад израильдік әскер сектордан толық шығарылмайынша қарусыздану басталмайтынын мәлімдеді.

Өз кезегінде Израиль ХАМАС-тың қару тастайтынына күмәнмен қарауда. Бейбітшілік кеңесінің өкілі бұл процесс 200-ден 320 күнге дейін созылуы мүмкін екенін меңзегенімен, америкалық тарап мұндай мерзімді әлі растаған жоқ.

Израильдік анонимді шенеунік ел билігі бұл ұсынысты Трамптың мәлімдемесіне дейін-ақ кері қайтарғанын хабарлады. Тараптың талабы бойынша, кез келген әрі қарайғы процесс басталмас бұрын ХАМАС толық қарусызданып, қару-жарақ Газадан шығарылуы және сектор демилитаризациялануы тиіс.

Аталған 15 тармақтан тұратын құжат израиль тарапының бұл талаптарына жеткілікті жауап бере алмай отыр. Осылайша, Трамптың бұл мәлімдемесі мәміленің түпкілікті келісілгенін білдірмейді: ХАМАС қарусыздануды ізраиль әскерінің шегінуімен байланыстырса, Израиль алдымен сектордың толық демилитаризациялануын талап етуде.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар