Желіде танымал блогер Ұлпан Жеңісқызы 6 қабаттан секіріп кеткен қызды өзінің шәкірті екенін айтты, деп хабарлайды Alash.kz.
«Ажар, шәкіртім, қош бол! Жалған өмір-ай. Өз басым «Қыз жарт жұрттық», «Еті сенікі, сүйегі біздікі» дегенмен келіспеймін. Бұрынғы замандағыдай 10-12-ден топырлатып бала тумағаннан кейін қыз балаға ерекше бас көз болу керек. Ажар бір үйдің жалғыз түйір қызы еді. Гүлжан тәтем мен Тәуекел ағама қайғырып көңіл айтамын. Сот әділ өтетініне сенемін», – деп жазды ол.
Болашағынан үлкен үміт күттірген шәкірті болған.
«Ажар менің командамда 2,5-3 жылдай жұмыс істеді. Өте пысық, дарынды қыз. Бетті керемет әрлейтін. Қасымда біраз жыл жүруін қалағанымда ұзатылып кетті. Тұрмыс құрғаннан кейін жиі хабарласа да алмадық. Бүгін әлеуметтік желідегі жаңалықты көрген Шалғын «қарашы, Ажарға ұқсай ма?!» дегеннен кейін назар аударғанда төбемнен жай түскендей болды. Неге 21 жасар қаршадай қыз осындай азапты тағдыр кешу керек?!» – деп түйіндеді ойын блогер.