Қытай басшысы Си Цзиньпин АҚШ-пен жаңа сауда келісіміне қол қою үшін Дональд Трампқа қатаң талап қойды. Ол келісімнің басты шарты ретінде Тайвань тәуелсіздігін қолдаудан ресми түрде бас тартуды сұрап отыр, деп хабарлайды Alash.kz The Wall Street Journal басылымына сілтеме жасап.
Басылымның дерегінше, Си Цзиньпин Байден әкімшілігі кезеңіндегі Вашингтонның ұстанымын жеткіліксіз деп санайды. Сол уақытта АҚШ Тайвань тәуелсіздігін ресми түрде қолдамайтынын мәлімдегенімен, Бейжің үшін бұл позиция қазіргі жағдайда әлсіз көрінуде. Қытай басшысы енді қазіргі президент Дональд Трамптан аралдың тәуелсіздігіне қарсылық білдіретін нақты әрі ресми мәлімдеме жасауды талап етуде.
Си Цзиньпиннің бұл қадамы Қытай мен АҚШ арасындағы ұзақ жылдар бойы шиеленісіп келе жатқан геосаяси және экономикалық текетірестің жаңа кезеңге шыққанын аңғартады. Тайвань мәселесі Қытай үшін “қызыл сызық” саналады. Пекин аралды өзінің ажырамас бөлігі деп есептеп, сыртқы елдердің кез келген қолдауын мемлекет егемендігіне жасалған қатер ретінде қабылдайды.
АҚШ-тағы алдағы сайлау қарсаңында бұл талап Трамп үшін үлкен сынақ болуы мүмкін. Өйткені, бір жағынан ол Қытаймен сауда келісімін жақсартуға мүдделі болса, екінші жағынан Тайвань мәселесінде тым ымырашыл позиция ұстану республикашылдардың және АҚШ-тың Қытайға сын көзбен қарайтын топтарының қарсылығына ұшырауы ықтимал.
Си Цзиньпин АҚШ-пен сауда келіссөздерін тек экономикалық пайда үшін емес, сонымен қатар геосаяси рычаг ретінде де қолдануды көздеп отыр. Қытай тарапы Вашингтонды Тайваньға қатысты ұстанымын қайта қарауға мәжбүрлеу үшін экономикалық келісімнің маңызын пайдаланып жатыр.