Тбилисиде 4 тамыз күні жоғалған қазақстандық азаматтың мәйіті табылды, деп Alash.kz ұлттық порталы Tengri Travel сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгін Грузия астанасында жоғалып кеткен 27 жастағы Шыңғыс Мұсадиловтың өлі күйде табылғаны белгілі болды. Бұл жайлы марқұмның туыстары жергілікті БАҚ-қа хабарлаған. Қайғылы оқиғаның нақты мән-жайы анықталып жатыр.
Бұл ақпаратты Грузиядағы Қазақстан елшілігі де растады.
Шыңғысты достары соңғы рет 4 тамызға қараған түні, шамамен сағат 03:00-04:00 аралығында Тбилисидегі Laila клубының жанында, "Руставели" метро станциясының маңында көрген.
"Одан кейін үйге келмеді, жұмысқа да бармады, ешкімге ескертпеген. Бұл оған мүлде тән емес еді", – дейді оның әріптестері мен достары.
Осы сәттен бастап Шыңғыспен байланыс мүлде үзіліп, телефон қоңырауларына да, хабарламаларға да жауап бермеген.
Бірнеше күн бойы іздеу шаралары жүргізілді. Туыстары мен жақындары Тбилиси полициясына арыз жазып, әлеуметтік желіде оның ерекше белгілерін көрсетіп, хабарландыру таратты.
Қазіргі уақытта Шыңғыс Мұсадиловтың өліміне қатысты нақты мәліметтер жарияланған жоқ. Грузияның құқық қорғау органдары әзірге ресми мәлімдеме жасамады.