Орал қаласында тұрғындарды эвакуациялау үшін қала бойынша эвакуациялық пункттер анықталды, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта халықты орналастыру үшін 3 эвакуациялық пункт жасақталды. Олар - «Деркөл» мәдениет үйі, «Атамекен» балалар мен жасөспірімдер экология орталығы және Зашаған кентіндегі Ақан сері 47/1 мекенжайы бойынша салынған 9 қабатты үйдің бірінші қабатындағы орындар. Бұл эвакопункттер жатын орындармен, төсек құралдарымен және өзге де керекті заттармен қамтамыз етілді. Бұдан бөлек қажет болған жағдайда Жастар мәдениет сарайы, «Алтын Орда» мәдениет үйі және «Орал» спорт клубының ғимараттарында эвакуациялық пункттер жасақталады.
«Қазіргі таңда аталған эвакопункттерге адамдар орналастырыла бастады. Олар ыстық тамақпен, бірінші қажетті гигиеналық құралдармен қамтылды. Сонымен қатар су басу кезінде зардап шеккендерді уақытша орналастыру үшін облыс орталығының 6 қонақ үй кешендерімен ниет-шарттар жасалды. Бұдан басқа қаламызда орналасқан туристік лагерлер және спорт нысандарының тізімі жасақталды. Жайық, Шаған, Деркөл өзендері көтеріліп, саяжайларды су басқан жағдайда тұрғындарды сол нысандарға орналастыру жоспарлануда», - делінген хабарламада.