Шардарада 5-сынып оқушысы дене шынықтыру сабағында мерт болды, деп хабарлайды Alash.kz.
Қайғылы оқиға өткен аптада Қасым Аманжолов атындағы мектепте болған. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі 5-сынып оқушыларын далаға алып шыққан. Бірінші тоқсанның соңғы сабағында 11 жастағы Арнұр Көшербай мектеп стадионының қоршауына шығып, секіріп түспек болғанда ағашқа құлап, ауыр жарақат алған. 
Оқиғаның мән-жайын мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Қалдарбекова айтып берді:
“Стадионда бала қоршауға шыққан, кейін түсу кезінде жұқа ағашқа ілініп қалды. Ешқандай ауыр жарақат байқалмады. Қан да, көзге көрінер зақым да болмады. Бірақ біз бірден баланы ауруханаға жеткіздік”, - деді ол.
Дәрігерлер Арнұрдың қуық тұсында ауыр зақым барын анықтап, шұғыл ота жасаған. Алайда операциядан кейін баланың жүрегі тоқтап қалды. Қазір марқұмның барлық жаназа жоралғысы жасалып, жер қойнына тапсырылған. Шардара аудандық білім бөлімінің мәліметінше, оқиғаға байланысты тергеу басталған. Полиция қылмыстық іс қозғады.
“Мұғалім әзірге жұмыс орнында, бірақ прокуратура ұсыныс енгізді. Келесі аптада тергеу аяқталғанға дейін ол қызметінен уақытша шеттетіледі”, – деді білім бөлімінің басшысы Жанат Мусатаева.
Келеңсіз жағдай орын алғанда сабақ беріп жатқан 34 жастағы мұғалім бұл мектепте он жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейді, осы уақыт ішінде оған еш шағым түспеген.
Қайғылы оқиғадан кейін аудан мектептерінде қауіпсіздік техникасы мен балаларды даладағы сабақ кезінде бақылау шаралары күшейтілетін болды.
