Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Швейцарияда өтетін бейбітшілік саммитіне қай мемлекеттер қатысады?

09:53, 04 маусым 2024 647
Швейцарияда 15-16 маусымда Украина Президенті Владимир Зеленскийдің Ресей әскерін елден толық шығаруды қамтитын бейбіт ұсыныстарына кең халықаралық қолдау табуға бағытталған саммит өтеді. Бірақ оған Мәскеу шақырылған жоқ. Саммитке әлемнің 160 елі мен халықаралық ұйымдардан өкілдер шақырылған.

Украинаға Ресей әскерінің басып кіргеніне екі жылдан асты. Ал Киев күштеріне майдан шебінде қысым артып келеді. Жаһандық назар болса, бірнеше айдан бері – Газадағы соғыста. Зеленский Украинаның ауыр жағдайын қайтадан дүниенің назарына шығарғысы келеді.  

Люцерн маңындағы Альпі курортында өтетін саммит мызғымас бейбітшіліктің негізін қалап, осы процеске кейіннен Ресейді де тартудың жол картасын жасақтаудан үмітті.

Дегенмен, Ресей бұл бастаманы босқа кеткен уақыт деп санайды. Мәскеу күштері 2022 жылы 24 ақпанда Украинаға жаппай басып кіргеннен бері Ресейге жақындай түскен Қытай да саммитке қатыспайтынын мәлімдеп, Киевтің көңілін қалдырды.

Кімдер келеді?

Зеленскийдің кеңсесі маусым айының басына дейін 107 ел мен халықаралық ұйымның қатысатынын растағанын хабарлады. Соның ішінде Украинаның батыстық одақтастары мен Оңтүстік Америка, Африка және Таяу Шығыс елдері бар. Киев бас-аяғы 160 астана мен ұйымға шақырту жіберілген екен.

Бейбіт конференцияға Украинаның басты одақтасы АҚШ қатысады. Бірақ оған Президент Джо Байденнің баратыны-бармайтыны белгісіз.

Зеленскийдің сөзінше, егер Байден бұл саммитті өткізіп алса, Ресей Президенті Владимир Путиннің қуанатынын айтты.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков алдағы саммит Ресейдің қатысуынсыз "мүлдем пайдасыз" болатынын мәлімдеді.

Украина Мәскеуді басқыншылықты тоқтату мәселесін талқылау үшін келешектегі саммитке шақырылуы мүмкін. Бірақ оған Ресей Киевтің шарты бойынша қатысуға тиіс.

Швейцария жиынына Қытайды тартуға тырысқан Зеленский осы аптада Бейжіңді Мәскеумен сыбайласып, саммиттің шырқын бұзуға көмектесті деп айыптады. Қытай Сыртқы істер министрлігі бұны жоққа шығарып отыр.

Не талқыланады?

Президенттің баспасөз хатшысы Сергей Никифоров мәлімдегендей, Зеленскийдің 10 тармақтан тұратын бейбітшілік формуласына негізделген келіссөздер үш негізгі тақырыпқа басымдық бермек.  

Олар – азық-түлік қауіпсіздігі, ядролық қауіпсіздік және барлық тұтқындар мен депортацияланғандарды қайтару.

"Дәл осы үш пунктің әртүрлі көзқарастағы елдерді біріктіре алатын потенциалы бар", – деді Никифоров Украина телеарнасына берген сұхбатында.

Зеленский алғаш рет 2022 жылдың қарашасында өткен "Үлкен жиырмалық" саммитінде өзінің 10 тармақтан тұратын бейбітшілік формуласын жариялады.

Оған Украинаның аумақтық тұтастығын қалпына келтіру, ресейлік жауынгерлерді елден толықтай шығару және Ресейді әскери қылмыстары үшін қудалайтын арнайы трибунал құру кіреді.

Киев саммит қорытындысында коммюнике жарияланады деп күтіп отыр.

Өзге бейбітшілік бастамалары

Украина мен Ресей арасындағы алғашқы келіссөздер Ресей басқыншылығының алғашқы күндерінде өтті. Делегациялар Беларусьте, одан кейін 2022 жылдың наурызында Ыстанбұлда кездескенімен, кейіннен бұл әрекеттер тоқтап қалды.

2022 және 2023 жылдары Қытай, Ватикан және Африка елдері де жеке бейбіт бастамаларды жариялады. Бірақ олардан да нәтиже болмады.

2022 жылдың қыркүйегінде Зеленский Путинмен кез келген келіссөзге тыйым салу туралы жарлыққа қол қойды. Украина жетекшілігі Ресеймен бейбіт келіссөздер Мәскеу өз күштерін Украина территориясынан түгел әкеткенде ғана мүмкін болады деген ұстанымынан таймай отыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар