Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Әдебиеттанушы Мақсат Тәж-Мұрат дүниеден өтті

16:51, 30 қазан 2025

Қазақ әдебиеті тағы бір ауыр қазаға ұшырады. Ұлт әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар белгілі әдебиеттанушы-ғалым, қаламгер-эссеист, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері Мақсат Әнесұлы Тәж-Мұрат дүниеден өтті, деп жазады Alash.KZ. 

Әдебиеттанушы-ғалым 1959 жылы Атырау облысының Жылой ауданына қарасты Төлес ауылында дүниеге келген. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты.

Мақсат Әнесұлы орта мектепті бітірген соң мұнай кәсіпшілігінде жұмыс істеп, 1978-1983 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетінде оқыды. 1983- 1990 жылдар аралығында «Білім және еңбек» журналында әдеби қызметкер, «Социалистік Қазақстан» газетінде тілші, «Горизонт»-«Өркен» газетінде редактордың орынбасары, «Жалын» журналының жауапты хатшысы, Қазақстан ЛКЖО ОК жастар бұқаралық ақпарат құралдары секторының меңгерушісі болып абыройлы қызметтер атқарды.  

1990-1999 жылдары ҚазҰУ-дың филология факультетінде аспирант, аға оқытушы, доцент болды. 1994 жылы «Ғұмар Қараштың ақындығы» дейтін тақырыпта диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды.  

Көп жылдар бойы республикалық баспасөз құралдарында жауапты қызметтер атқарған. 2006-2007 жылы «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, 2007-2009 жылы «Ана тілі» газетінің бас редакторы. 2009 жылы Астана қаласына ауысып, 2013 жылға дейін «Астана» журналының бас редакторы болып істеді. 2013 жылдан Алматыдағы Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры қызметін атқарды.

Төрт кітабы жарық көрген: «Шәңгерей: жасампаздық өмірі» (1998), «Батыс Алаш-Орда: биобиблиографиялық сөздік тәжірибесі» (2003), «Ғұмар Қараш: өмірі мен шығармашылығы» (монография, 2005), «Кәбиса жыл: зерттеу, эссе, әдеби толғамдар» (2009). Мерзімді басылымдар бетінде жарияланған жүзге тарта мақаланың авторы. Алаш қайраткерлері А.Абылаевтың, Қ.Асановтың, Ғ.Әлібековтің, Ғ.Есшіғұловтың, К.Жәлшовтің, А.Мәметовтің, Н.Ипмағамбетовтың, С.Қаратілеуовтің т.б. өмірбаяндарын жазған.   

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар