Рио-де-Жанейроның фавелаларында есірткі мафиясына қарсы ұйымдастырылған полицейлік рейд жүзден астам адамның өмірін қиды. Бразилия билігі ресми түрде 119 адамның қаза тапқанын растады, алайда адвокаттар мен құқық қорғаушылар бұл сан 130-дан да асып кетуі мүмкін екенін айтады, деп жазады Alash.kz.
Қанды операция 28-29 қазан күндері Рио-де-Жанейроның солтүстігінде орналасқан Алемао мен Пенья фавелаларында өтті. Бұл аудандар ұзақ жылдар бойы елдегі ең ірі есірткі тобы саналатын “Қызыл команда” бандасының бақылауында болған. Рейдке шамамен 2500 әскери мен полиция қызметкері жұмылдырылған.
Рио әкімшілігі рейд кезінде 118 қару мен жарылғыш зат тәркіленгенін, 113 адамның ұсталғанын хабарлады. Ұсталғандардың арасында 10 жасөспірім бар.
Алайда оқиға салдары ел ішінде үлкен наразылық туғызды. Әділет министрі Рикардо Левандовски президент Луис Инасиу Лула да Силваның “қаза тапқандардың көптігіне қатты күйзелгенін” мәлімдеді. Министр өз сөзінде қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, әділ тергеу жүргізілетінін айтты.
БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш те Бразилиядағы бұл операцияға байланысты алаңдаушылық білдірді. Ол билікті адам құқықтарын сақтау және қақтығыс кезінде орын алған өлімдерге қатысты ашық тергеу жүргізуге шақырды.
Құқық қорғаушылар да бұл рейдті қатаң сынға алды. “Amnesty International” және басқа да ұйымдар полицияның шамадан тыс күш қолданғанын айтып, көптеген адамды аяусыз атып тастағанын мәлімдеді. Тұрғындар мен адвокаттардың айтуынша, кейбір тұтқындар полиция қолына түскеннен кейін басынан атып өлтірілген.
Бұл рейд Бразилия тарихындағы ең көп адам өлімімен аяқталған операция ретінде тіркелді. Оқиға Рио-де-Жанейрода алдағы аптада өтетін БҰҰ климаттық конференциясы қарсаңында болып отыр. Енді әлемдік ұйымдар мен халықаралық қауымдастық Бразилия билігінен нақты жауап күтуде.
