Атырауда 23 жастағы Яна Легкодимованың өліміне қатысты сот процесі жалғасуда. Соңғы отырыста прокурор айыпталушылар Р.Х. мен А.К.-ға тағылған айыпты ауырлатылған бапқа ауыстырды, деп хабарлайды Alash.KZ Shyndyk.kz telegram арнасына сілтеме жасап.
Бастапқыда олар Қылмыстық кодекстің “алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған кісі өлтіру” және “ұрлық” баптарымен айыпталған болатын. Алайда 29 қазанда прокурор екінші бапты қайта саралап, оны “алдын ала сөз байласқан адамдар тобының бөтеннің мүлкін әдейі жоюы” деп өзгертті (ҚР ҚК 202-бабы, 2-бөлім, 6-тармақ).
Сотта айыпталушылар мен марқұмның жеке хат алмасулары да жарияланды. Тергеу бұл жазбаларда бастапқыда кездесу мен тамақ туралы әңгіме кейін жанжалға ұласқанын, тіпті қылмысты жоспарлау белгілері болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Сөз арасында марқұмның “күн сайын жылаудан шаршадым” деген хабарламасы да бар.


Қазіргі таңда сот процесі жалғасып жатыр. Қоғам арасында бұл іске қатысты резонанс күшейіп, әлеуметтік желілерде марқұмның туыстары мен құқық қорғаушылар әділ үкім шығаруды талап етуде.
