Алматы облысында 11 жастағы оқушы өзіне қол салып, көз жұмды. Қайғылы оқиға 27 қазан күні болған, ал баланы 29 қазанда жер қойнына тапсырған. Бала күнделігіне жазған соңғы жолдарында өз өміріндегі қорлық, жалғыздық пен сүйіспеншілікке зәрулігін суреттеп кеткен, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиғадан кейін облыстық Білім басқармасы отбасының аз қамтылғандар қатарында тұрмағанын және ішімдікке салыну немесе зорлық-зомбылық фактілері тіркелмегенін мәлімдеді. Алайда көршілер бұл пікірмен келіспейді.
Олардың айтуынша, өгей әке үнемі балалар мен әйелін ұрып-соғып, қорлық көрсеткен. Бірде анасы көршілеріне “Ұлымды шынжырлап қойды, ол түні бойы шынжырда отырды” деп жылап айтқан екен. Тағы бір оқиғада қыстың күні кенже ұлы жалаңаш әрі аш күйде көршінің үйіне келген. Көршілер оны үйге кіргізіп, тамақ беріп, жылытып алған. Бірақ көп ұзамай баланың анасы “баламды ұстап отыр” деп керісінше арыз жазған.

Тергеу барысында баланың күнделігі табылған. Онда ол өз жан айқайын, қорлық пен жалғыздық сезімін қағазға түсіріпті. Сыныптастары алғаш болып оның жазбаларын байқап, мұғалімге жеткізген.
Бала жазбасында былай депті:
“Неге бәрі бақытты, ал мен ешқашан бақытты болған емеспін. Маған тек балағат сөздер айтылады, ешкім сыйлық бермейді. Мен ондай жаман емеспін ғой.”
“…Ағамның екі жұп кроссовкасы бар, ал мен қыста жазғы аяқ киіммен жүремін…”
“…Мен түсінбеймін, неге бәрі маған осылай қарайды. Менің тағдырым мазақ сияқты… Мені ұрып, ұрысып, айқайлаудан басқа ештеңе білмейді… Мен бұлай өмір сүре алмаймын, мен ешкімге керексізбін, мен тастанды сияқтымын. Қаласаң, өлтір, мазақ ет, не қаласаң, соны істе…”
Қазіргі таңда бұл факті бойынша тергеу амалдары басталды. Істің мән-жайын анықтау үшін әлеуметтік қызмет пен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар жұмыс істеп жатыр.
