Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“3,7 млрд тг жымқырып, 481 көлікті заңсыз тіркеген” - Алаяқтықпен айыпталған азамат туралы не белгілі?

15:45, 31 қазан 2025 198

Ресейден автокөлік тіркеу кезінде ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдікке ілінген қазақстандық елге қайтарылды. Ол - “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының бұрынғы қызметкері, деп хабарлайды Alash.kz.

Бас прокуратура ұсынған тергеу деректеріне сүйенсек, 2022–2023 жылдары күдікті өз сыбайластарымен бірге көлік тіркеу кезінде төленуі тиіс алымдардың түскені жөнінде жалған деректер енгізіп отырған. Осылайша, базада тіркеу үшін төлем жасалды деп көрсетілгенімен, іс жүзінде ақша аударылмаған.

Нәтижесінде 481 көлік заңсыз тіркеліп, мемлекетке 3,7 миллиард теңге көлемінде залал келген.

Күдікті биыл наурыз айында Мәскеу облысында ұсталды. Қазақстан тарапының ресми сұрауынан кейін ол экстрадицияланып, елге жеткізілді. Қазір ер адам тергеу изоляторында қамауда отыр.

Бас прокуратураның хабарлауынша, күдіктіге қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Ол “ірі көлемде алаяқтық жасау” бабымен айыпталып отыр.

Егер кінәсі дәлелденсе, бұрынғы қызметкерге 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, сондай-ақ мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалуы мүмкін.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар