Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Шоумендер мен бос сөз сапырған жандайшаптарды билікке апарып опа таппаймыз" - Ғалымжан Өтелбайұлы

20:45, 19 қазан 2024 939
Қоғам белсендісі Ғалымжан Өтелбайұлы қазақ қоғамының дамуын тежеген жағдайға қатысты пікір білдіріп, өткір жазба жариялады, деп хабарлайды  Alash.kz ұлттық порталы.
Біз қандай мемлекет құрдық?!…
Мемлекеттің өткені, бүгіні және болашағы бәрі тарих. Өткеніңе үңілсең ұланғайыр Жердің иесі, рухани байлығы телегей Киенің иесі, сөз ұстаған небір дананың, ел ұстаған қаншама тектінің келбетіне куә боласың. Әрине, жайнатып қала салмаған шығар, бекініс салып қорғанбаған болар, жүрегінің иманын қорғаған елдің асқақ рухы талайдың мысын басып, өткінші ғұмырдың мәні де сәні де рухани кемелдік екенін дәлелдеп кетті. Бүгінгі ізденушілердің де, құлаққағыс тарих әуесқойларының да бірі көшпелі өркениет, бірі түркі танымы, бірі дала аңызы деп толғанып жүргені содан болар, бәлкім. Кейде маған сол бабалардан кеңбайтақ жер ғана қалды ма деген ой келеді. Сол байтақтың астын да, үстін де кеміріп, ішіп-жеп, бей-берекетін кетіріп жатқан жұмысшы халық қана көз алдыма елестейді. Бұрынғы билік жүйесі әрине келмеске кеткен. Жаңа ел, тәуелсіз мемлекет, боданнан құтылып, қараңғылықтан көзі ашылған жұрт, тағысын тағы қисындатып келеді. Қала салдық, жол салдық деп те мақтана алмай отырмыз. Кешегі салғанымыздың бүгін сапасы көріне бастады. Тіпті алысты былай қойғанда, жақын көршілермен де кей мәселеде жарыса алмай отырмыз. Қоғамның бүгінгі келбеті мен оның бағыт-бағдарын, күнделікті орын алып жатқан келеңсіздіктердің себеп-салдарын жан-жақты сараптап беруге болушы еді. Оған уақыт тапшы болып отыр. Сондықтан, бірді-екілі байқаған жағдайға ғана назар аударғанды жөн санадық, - деп жазды автор.
Кейіннен автор қоғамның дамуына зиян тигізген үрдісті сипаттады:
 
Студент кезімізде оқу қуалаған жастар екі топқа бөлінетін. Бір тобы ректоратқа жақын, қандай идеология, қандай саясат болса да соны жаны қалмай насихаттайтын, өзіндік пікірі жоқ, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқанына, партиялардың жастар қанатына кіріп, флешмобтарда қолына жалауша ұстап тұрғанына аса мақтаныш сезіммен жүретін жастар легі. Бір қарағанда мемлекетшіл, сабақты да жақсы оқитын, өмір сүйгіш үлгілі жастар. Енді бір тобы я ұлтшыл, я сыншыл, жағымпаздыққа жаны қас, ішінде қыңыр-қырсығы бар, шындықты аямай айтып салғыш кейбір мұғалімдерінің айналасына топтасқан, олар да терең білімді, оғаш ой айтып, тыңнан ғылыми жаңалық табуға әуестеніп жүрген жастар келбеті. Шындық айтқан кімге жағушы еді. Оларды тәрбие жөніндегі декан орынбасары да, проректор да қақпайлап, ректорат айналасында өтетін іс-шараларға маңайлатпай, бас паритияның жастарына қоспай жүреді. Бұл біз оқыған оқу орындарында ғана емес, еліміздегі “тұлғалар” қалыптастырып жатқан басқа да белді жоғарғы оқу орындарына тән үрдіс еді. Ол туралы азда болса жастармен айналысқан сонау жылдары назарға алдық. Осы қарқынмен алдыңғы айтқан белсенділер (баяғы шолақ белсенділердің үлгісімен) ағып отырып әкімдікке, министрлікке, партияға және басқа да лауазымдарға жайғасып жатады. Ал үнемі кеудеден кері тебіліп келе жатқан екінші топ я ғылымға кетіп университетте мұғалым болады, не саясат қуалағаны оппозияциялық құрылымдарға бағытталады. Тіпті шетелге кетіп қалады. Кейбірі қазіргі үрдіспен айтқанда қоғам белсендісі, әлеуметтік желі белсендісі, блогер болады. Ал, баяғы жолы болғыш жастар санатындағылар әрине жоғары лауазымда қала береді. Әр түрлі тағдырмен біреулері тауы шағылып, біреулері жағымпаздығы көрініп қалып халықтың сынына ұшырап, біреулері бір беделді тұлғалардың айналасына топталып, біреулері жемқорлықпен айыпталып, біреулері отанын сатқан деген айыппен қамалып, біреулері шетел қашып жатыр. Оған қоғам куә. Бұны мен жәй ақпарат, бос сараптама ретінде айтып отырған жоқпын. Осы бөлінушілік қоғамның арасына жік салып келе жатқан өте қауіпті мерез екеніне назар аудартқым келеді. Осының өзі бізде бір тұтас патриоттық түсінік қалыптастыра алмай отырғанымызды көрсетеді. Кейбір сәттерде осы бір екінші топтағы әділдік аңсау кейіпін танытып жүрген жастарды кейбір идеологтар билікке әкелуге тырысқан сәттер байқалып жатты. Қара халықтың жағдайын ойлайды деген үмітпен әрине. Бір қызығы кеше ғана базардың, көшедегі ұлтшыл жастардың мүддесін қорғап жүргендер билікке қолы жеткенде адам танымастай өзгергенін көз көрді. Жоғары билік жүйесінде осыншама адамды өзгертіп жіберетіндей қандай күш бар деген сұрақ туындайды? Ол әрине белгілі. Біз билік жүйесін даладан алған жоқпыз. Кешегі кеңес жүйесінің сарқыншағы мен бүгінгі безбүйрек суық ақылмен басқару формасын ұсынған батыстың үлгісін алып, қойыртпақ жүйе жасадық. Енді не істемек керек?! Әрине, адал адамдардың еншісіндегі жаңа билік жүйесі мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Біз қашаннан асыл текті хандар билік құрған, көкірек көзі ояу рухани тұлғалары бар, ел ұстаған, жұрт танытқан елдің ізбасарымыз. Біз, тарихи тегі қалыптаспаған кейбір елдерден үлгі алмауымыз керек. Шоумендер мен аннан-мұннан сөз құрап, сөз сапырған жандайшаптарды билікке апарып опа таппаймыз. Тым құрығанда мәжілістегі депутттардың жартысынан көбі көзі қарақты шын ғалымдардан құралмаса біз тобыр елге айналғанымыз айналған. Бұл да түбегейлі шешім емес. Жүйлеі жұмыс қажет. Қазір эмоциялық сөздер мен шешімдердің заманы емес, таза ақылмен күресетін уақыт.
Оны істейтін адамына тапсыру мемлекеттің бүгінгі тікелей міндеті. Шолақ белсенділер билікке көтерілген сайын өзіне ұқсас шәкірт тәрбиелей береді. Ол билік жүйесі жағымпаздыққа ғана құрылады да, қоғамнан, халықтан алшақтай береді. Жанашыр кадрларды қалыптастыруды өз бойында ондай қасиеті жоқ адамдар қалай атқара алмақ?! Осы және басқа да жазған ойларымды басылым беттеріне жариялап отыратын боламын. Ел Президенті Қ.К.Тоқаев осы мәселелерге назар аударар деген ниетпен, әрине, - деп жазды ол.
 
 
 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар