Нартай Хужанов есімді шопан өзінің жәбір көргенін жеткізді. Түркістан облысы, Шардара ауданы полиция бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Жәрменовтің үстінен шағымданып, қорлық көргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы Azattyq Rýhу порталына сілтеп.
Шардара ауданында біреудің малын бағатын шопан Нартай Хужановты аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Жәрменовтің қорлағаны хабарланды.
Шопанның айтуынша, бұл оқиға осы жылдың қыркүйегінде болған. Содан бері басынан өткен мәселені айтып, құзырлы органдарға барғанымен, олар шопанның арызына бей-жай қараған көрінеді. Сондықтан, малшы кісі Шардара ауданындағы заңгерлік көмек беретін кеңсеге келген.
«Нұрлан Жәрменов маған «сен менің 8 ешкімді сатып жібердің» деді. Мені ұрып-соғып, басыма пакет кигізді, аузымды скотчтады. Жыныс мүшемді бұрап, маған зорлық-зомбылық көрсетті», - дейді малшының өзі.
Оған көмек қолын созып жатқан заңгердің айтуынша, ешкіні сатқан Жәрменовтің өз малшысы. Яғни, дереккөзге сүйенсек, полиция басшысының орынбасары малшы жалдап отыр екен. Заңгердің айтуынша, Жәрменовтің малшысы қашарларды негізінде мүлде басқа адамға сатқан. Бірақ, қағазда сатып алған осы малшы, яғни, Нартай Хужанов деп көрсеткен.
Малшының айтуынша, Жәрменов екі орынбасарымен бірге оны кешкі уақыттан бастап келесі күні таңғы 04.00-ге дейін ұрып-соққан.
БАҚ өкілдері мәлімдемеге қатысты Түркістан облысының полиция департаментінен ресми ақпарат күтіп отырғанын жеткізеді.