Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесінде қайғылы оқиғаның жаңа мән-жайлары белгілі болды, деп хабарлайды Alash.kz.
Сот отырысы барысында Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаменті кезекші бөлімінің бастығы Ризабек Даиров құтқарушылардың не себепті оқиға орнына жедел жәрдем бригадасынан кейін жеткенін түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, департаментке куәгерлерден ешқандай қоңырау түспеген.
«Бұл оқиға туралы алғашқы хабарлама бізге жедел жәрдем қызметінен түсті. Кезекші бөлімге, оперативті кезекшіге кондиционер блогы фельдшердің үстіне құлағаны туралы ақпарат келіп түсті. Өтіп бара жатқан адамдардан, оқиға куәгерлерінен бізге шақыру түскен жоқ», — деді Ризабек Даиров.
Осы себепті бекітілген ережеге сәйкес жүргізілетін аумақты қоршау жұмыстары да кешігіп орындалған. Шақыру бойынша оқиға орнына ТЖД-ның бір автоцистернасы, жедел-құтқару жасағы және автоиінді көтергіш техникасы жұмылдырылды. Құтқарушылар ғимараттың құлаған бөлігін тексеріп, үйінді астынан екі адамды алып шықты.