Қазақстандық азамат Ресейде жұмыс істеп жүріп, соғысқа тартылып, қайтыс болды. Оның денесі бірнеше ай хабарсыз кеткеннен кейін туған жеріне жеткізілді, деп хабарлайды Alash.KZ.
Адвокат Мейірман Шекеевтің айтуынша, оған көмек сұрап келген тұрғын бауырының Ресейге жұмысқа кеткенін жеткізген. Кейіннен іздестіру шаралары барысында оның Ресей аумағынан соғысқа аттандырылғаны белгілі болған.
“Біз біраз уақыт бойы іздеу жұмыстарын жүргіздік. Соның нәтижесінде азаматтың Ресей Федерациясы тарапынан соғысқа кеткенін анықтадық. Өкінішке қарай, бірнеше айдан соң оның денесін ғана туыстарына алып келе алдық”, – деді Шекеев.
Марқұм Кәкімбек Мұсаевтың туыстары оның 2024 жылғы қаңтар-ақпанда Ресейге жұмыс істеуге кеткенін айтады. Соңғы рет онымен байланыс өткен жылдың желтоқсанында болған.
“6 не 7 желтоқсанда соңғы рет сөйлестік. Сол кезде ол асығып тұрғанын айтып, кейін өзі хабарласатынын жеткізді. Содан кейін телефоны сөніп қалды. Біз қайта-қайта қоңырау шалдық, бірақ жауап болмады. WhatsApp-қа кіріп жүргенін байқаған соң қаңтар айында Марсель деген жігіттен хабар алдық. Ол ‘Ол қайтыс болды’ деді. Біз дәлел сұрағанымызда, телефонын өшіріп тастады”, – дейді марқұмның жақындары.
Кәкімбек Мұсаев бірнеше ай бойы хабарсыз кеткендердің қатарында саналып келді. Ақыры оның қазасы расталып, денесі Қазақстанға жеткізілді. Жақындары бұл жағдайға әлі де сенгісі келмейтінін жасырмайды.
Марқұмның отбасына үлкен соққы болған бұл оқиға елдегі қоғам назарын аударды. Оның туыстары қазақстандықтарды Ресейге жұмыс іздеп бармауға, өзге елдің соғысына араласудан сақтануға шақырды. Олар жастардың нәпақа табу үшін өзге жолдарды қарастыруын сұрады.