Қазақстандық рэпер Qarakesek есімімен танылған Омар Амантаев есірткіге мас күйінде көлік басқарғаны үшін 15 тәулікке қамалып шықты, деп хабарлайды Alash.kz.
Алайда ол әлі де қылмыстық істің негізгі фигуранты болып отыр деп хабарлайды Ertenmedia.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қазір 31 жастағы рэпердің үстінен Қылмыстық кодекстің 296-бабының 2-бөлігі («Есірткі, психотроптық заттар мен олардың аналогтарын өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтау») бойынша тергеу жүріп жатыр.
Бұған дейін көлік жүргізу құқығынан 7 жылға айырылып, 15 тәулікке қамалған Qarakesek-тің ісі мұнымен аяқталған жоқ. Полиция есірткі затын сақтау фактісі бойынша бөлек қылмыстық іс қозғаған.
Омар Амантаевты Ақтөбе қаласында қыркүйек айының басында ұстаған.
Тексеру кезінде рэперден белгісіз ұнтақ тәрізді зат салынған пакет табылған еді. Сараптама қорытындысы оның синтетикалық есірткі екенін көрсетті. Сонымен бірге медициналық тексеру оның көлікке есірткі қабылдаған күйінде отырғанын растады.