Қапшағай жағалауындағы Құлыбаевтар әулетіне тиесілі аумақтың мемлекетке өткені айтылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Алматы облысының прокуратурасы 15 жылдан аса уақыт бұрын жекеменшікке берілген жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлады.
Ведомствоның мәліметіне қарағанда, жұмыс жүйелі және кезең-кезеңімен уәкілетті органдармен бірлесіп жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында жер ресурстарын басқару департаменті мен Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы бар.
"Кейінгі үш жылда мемлекетке жалпы құны 6,1 миллиард теңге болатын 83 мың гектар жер қайтарылды. Оның ішінде 21 мың гектар, құны 1,6 миллиард теңге, бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктердің, олардың туыстарының, сондай-ақ Forbes тізіміне енген адамдардың иелігінде болған. Атап айтқанда, 2025 жылғы мамырда прокуратураның талап-арызы бойынша мемлекетке Қапшағай жағалауындағы Құлыбаевтар әулетіне тиесілі жер телімі қайтарылды", – деп хабарлады прокуратура.
Сонымен қатар, депутаттық сауалда көрсетілген жағалау аймағынан тағы 9 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Іле ауданындағы жерлерге қатысты жұмыс жалғасып жатыр, оның қорытындылары туралы прокуратура халықты ақпараттандыратынын мәлімдеді.
"Облыс прокуратурасы жер заңнамасының сақталуына жүйелі түрде, халықпен және Парламент депутаттарымен бірлесіп қадағалау жүргізіп жатыр", – деп атап өтті ведомство.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Қапшағай су қоймасы мен Іле өзені жағасындағы жердің заңсыз бөлінгенін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, иелердің арасында тұңғыш президенттің туыстары, бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктер және Forbes тізіміндегі олигархтар болған.