АҚШ-та жаңа саяси дауға себеп болған мәлімдеме жасалды. Президент Дональд Трамп Портленд қаласына әскери күш енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Alash.KZ Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, бұл қадам иммиграциялық қызмет (ICE) нысандарын және қаланы “Антифа қозғалысының ішкі террористерінен” қорғау үшін қажет. Трамп Пентагонға “қажет болса, бар күшті қолдануды” тапсырғанын айтты.
Алайда Орегон билігі мұндай шешімді орынсыз деп есептейді. Штат губернаторы Тина Котек пен Портленд мэрі қалада бүлік те, ұлттық қауіпсіздікке қатер де жоқ екенін мәлімдеді. Олар президенттің бастамасы жағдайды ушықтырып, қоғамда жаңа қақтығыстар туғызуы мүмкін екенін ескертті.
Сенатор Рон Уайден де Трамптың әрекеттерін қатаң сынға алды.
Оның айтуынша, мемлекет басшысы “2020 жылғы сценарийді қайталап, қоғамда әдейі қақтығыстарды өршітіп отыр”.
Ресми деректер бойынша, 2025 жылдың алғашқы алты айында Портлендтегі кісі өлтіру көрсеткіші 51 пайызға төмендеген.