Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Путин Украинамен соғысты аяқтамай-ақ, басқа бағытта шабуыл жасамақ” - Зеленский Трамппен кездесуден кейін Ресейдің жоспарын жайып салды

18:39, 28 қыркүйек 2025 450

Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің Украинадағы соғысты тоқтатуға ешқандай ниеті жоқ екенін және Кремльдің Еуропадағы басқа елге де қауіп төндіруді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Alash.kz ақпарат агенттігі The Guardian порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Зеленский бұл пікірін Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуінен кейін айтты. Оның сөзінше, Ресей президенті Владимир Путин тек Украинамен шектелмей, жаңа бағыттарға соққы жасауды ойластыруда.

“Путин Украинадағы соғыс аяқталғанын күтпейді. Ол басқа бағытта шабуыл жасамақ. Қай елге екенін ешкім білмейді. Бірақ оның қалауы сол”, – деді Зеленский.

Оның айтуынша, Ресей НАТО елдерінің қорғаныс қабілетін тексеріп жатыр. Соңғы айларда орын алған бірнеше жағдай соған дәлел бола алады. Мәселен, ресейлік дрондар Польша мен Румыния әуе кеңістігін бұзған, Литвада да әуе шекарасының бұзылғаны туралы хабар тараған. Эстония билігі ресейлік жойғыш ұшақтардың өз аумағына кіріп кеткенін мәлімдесе, Дания мен Норвегияда әскери нысандар маңында белгісіз дрондар байқалған. Олардың Ресейге қатысы толық дәлелденбегенімен, күдік күшейіп отыр.

Зеленскийдің сөзіне қарағанда, еуропалық үкіметтер бұл жаңа қауіппен күресуде әлі де қиындық көруде. Украина бір күнде 92 дронды тіркеген. Олардың басым бөлігі ұсталғанымен, 19 дрон Польша аумағына өтіп кеткен. “Біз өз күшімізді Польшамен салыстырмаймыз. Біз соғысып жатырмыз, олар жоқ”, – деп қосты ол.

Сондай-ақ ол бірнеше елдің мамандары Украинаға келіп, Ресейдің әуе шабуылдарына қарсы іс жүзінде дайындықтан өтіп жатқанын жеткізді. Бірақ қай мемлекеттер екенін нақтыламады.

Зеленский Мәскеуді Киевтің энергия инфрақұрылымына жаппай шабуыл жасайтын болса, Ресей де жарықсыз қалуы мүмкін деп ескертті. Оның айтуынша, Кремль Украинада блэкаут орнатуға талпынса, Киев жауап ретінде Ресейді де электр қуатынан айыруға дайын.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар