Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Бесінші рет сотқа берді»: Қуандық Бишімбаевтың анасы бұрынғы келінінің үстінен арызданды

15:57, 04 қараша 2026

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы жұбайы Назым Қаһарман өздеріне қатысты 22 миллион теңгені өндіріп алу бойынша бесінші талап арыздың түскенін ресми түрде жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.

Даудың негізгі өзегі Астана қаласындағы Highvill тұрғын үй кешенінде орын тепкен коммерциялық нысанға тікелей байланысты. Некеде тұрған кезеңде аталған жылжымайтын мүлікті Назым Қаһарман сенімгерлік басқару шартымен жүргізген. Ажырасқаннан кейін нысанды басқару құқығы Бақытжан Байжановқа беріліп, кейінірек Назым Қаһарман бұл өкілеттікті он ай мерзімге қайта иеленген болатын.

Осы орайда Назым Қаһарман әлеуметтік желідегі парақшасында сот процестерінің толастамай жатқанын айтып, мынадай ресми төл сөзін жариялады:

«Сонымен, біз Early Action, Early Decision бағдарламаларына дайындалып жатқанда, бесінші талап арыз келіп түсті. Бұл жолы 22 миллион теңгеге. Қысқасы, осы даудың соңы көрінетін емес», — деді ол.

Назым Қаһарманның түсіндіруінше, сол коммерциялық нысаннан түскен барлық табыс балалардың қажеттілігіне жұмсалып, алимент есебінен өзара есепке жатқызу тәртібімен жүзеге асырылған. Сонымен қатар екінші тарап бұл қаржылық бөліністен толық хабардар болып, бастапқыда келісімін берген.

«Түскен барлық қаражат балаларға, мектептерге, алиментке, денсаулыққа, демалысқа, дәрігерлерге, репетиторларға жұмсалды. Яғни, мұның бәрі алимент есебінен өзара есепке жатқызу тәртібімен жүзеге асырылды. Барлық шығын есептеліп, көрсетілді», — деп атап өтті Назым Қаһарман.

Алайда арада екі-үш жыл өткеннен кейін бұрынғы күйеуінің туыстары ұстанымдарын өзгертіп, сотқа қайта арызданған. Бастапқыда Қуандық Бишімбаевтың анасы Әлмира Нұрлыбекова бұрынғы келініне берілген осы нысанға қатысты 25 миллион теңге талап еткен еді. Ол процестің қорытындысы бойынша сот NazKa ЖК-нен 6,7 миллион теңге берешек пен сот шығындарын өндіруге шешім шығарып, қалған талаптарды қанағаттандырусыз қалдырған болатын.

Қазіргі жаңа іс бойынша сот екі мәрте отырыс өткізді, ал келесі тыңдау 11 қарашаға жоспарланып отыр. Талап арызды нақты кімнің түсіргенін кейінірек хабарлауға сөз берген Назым Қаһарман енді балалардың шығындары мен түбіртектерін жинап, алиментке қатысты жеке қарсы талап арыз дайындауға кірісті. Оның айтуынша, қарсы талап арызда көрсетілетін сома бұған дейін алимент ретінде есептелген қаражаттан едәуір көп болмақ.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар