Жамбыл облысында таңғы сағат бестің шамасында ірі өрт болып, 13 баласы бар көпбалалы отбасы баспанасыз қалды, деп хабарлайды Alash.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.
Куәгерлердің айтуынша, алдымен үйдің сыртындағы қураған шөп тұтанған. Күшті жалын лезде шаруашылық нысандарға, одан кейін екіқабатты тұрғын үйге ауысқан. Оқиға орнында қатты гүрсілдер мен жарылыстардың болғанын да көргендер жеткізді.
Өрт шыққан сәтте үйде балалардың барлығы болған. Дегенмен ата-ана дер кезінде әрекет етіп, 13 баланы түгел эвакуациялап үлгерген. Қазір отбасы уақытша туыстарының үйінде тұрып жатыр. Айта кетерлігі, ең кенжесі – небәрі үш апталық нәресте.
Оқиғаға байланысты Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті ресми түсініктеме берді. Өрт сөндірушілер жеткен кезде аулада орналасқан құрылыс нысандары мен үйдің шатыры толықтай өртеніп жатқан. Жалынның жалпы аумағы шамамен 100 шаршы метрді құраған.
Қызыл жалын таңғы 6:57-де толық сөндірілді. Қаза тапқандар мен жарақат алғандар жоқ. Қазір өрттің шығу себебі анықталуда.