Өзбекстанда жасөспірім қызды еркінен тыс тұрмысқа беру дерегі тіркелді. Жергілікті ақпарат көздерінің хабарлауынша, 15 жастағы қызды 28 жастағы ер адамға мәжбүрлеп ұзатқан, деп жазады Alash.kz.
Белгілі болғандай, әлеуметтік қызметкерлер бұл жағдайды шілде айында анықтап, отбасына ресми ескерту жасаған. Олар баланы тұрмысқа беру заңсыз екенін атап өткен. Алайда ескертуге қарамастан, 2025 жылдың 10 тамызында үйлену тойы өтіп кеткен.
Қыздың әкесі баспасөзге мәлімдеме жасап, қызының тұрмысқа шығатынын білмегенін жеткізді. Оның айтуынша, бұрынғы әйелі бес жыл бұрын Мәскеуге жұмысқа кетіп қалған, ал қызы осы уақыт ішінде нағашы әжесінің қолында тәрбиеленіп келген. Әжесі әкенің қызымен кездесуіне тыйым салып отырған.
Қазіргі таңда аталған іс құқық қорғау органдарының қарауында. Тергеу барысында тойға қатысқан адамдар мен ұйымдастырушылардан жауап алынуда. Мамандар бұл оқиғаны кәмелетке толмағандардың құқығын өрескел бұзу және заңды белден басу деп бағалап отыр.
Жергілікті белсенділер мен қоғам қайраткерлері мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін жауаптыларға қатаң шара қолдануды талап етуде.