Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Загребте өткен күрес түрлері бойынша әлем чемпионатында жоғары спорттық жетістіктерге қол жеткізген бірқатар спортшылар мен бапкерлерді мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды, деп Alash.kz ұлттық порталы Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.
Атап айтқанда, "Құрмет" орденімен Қазақстанның XXI ғасырдағы грек-рим күресінен тұңғыш әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали, еркін күрестен әлем чемпионы Нұрқожа Қайпанов және Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің – Орталық спорт клубының бапкер-оқытушысы Камал Гаджимагомедов марапатталды.
"Ерен еңбегі үшін" медалі еркін күрестен әлем чемпионатының қола жүлдегері Асылжан Есенгелдіге және Олимпиада резерві мектебінің жаттықтырушысы Еркебұлан Кешубаевқа табысталды.
Ал Президенттің алғысына Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің "Спортты дамыту дирекциясы" РМК жаттықтырушысы Юрий Мельниченко ие болды.