Үндістан Ресейге қосымша бензин жеткізе алмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды ALASH.KZ.
Үндістанның үш мемлекеттік мұнай компаниясы Ресейдің бензин жеткізу көлемін арттыру туралы өтінішінен бас тартты. Компаниялар экспортқа жіберетін қосымша жанармай қоры жоқ екенін мәлімдеген.
Мәліметке сәйкес, Үндістаннан Ресейге жеткізілетін бензиннің жалпы көлемі 100 мың тоннадан аспайды. Ал Ресей нарығындағы мұнай өнімдерінің тапшылығы айына шамамен 400–600 мың тоннаны құрайды.
Қазіргі таңда Ресей бұл тапшылықтың бір бөлігін Беларусь пен Қазақстаннан импортталатын жанармай есебінен өтеп отыр.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Беларусьтің мұнай өңдеу зауыттары Ресейге тәулігіне шамамен 5–6 мың тонна бензин жеткізеді. Ал Қазақстан гуманитарлық көмек аясында Ресейге 50 мың тонна жанармай жіберуге келіскен.