Көпшілікке Jah Khalib есімімен танымал рэпер, әрі әнші Бахтияр Мамедов ел аумағында өтуі тиіс концерттерін кейінге қалдырғанын немесе мүлдем өткізбейтінін хабарлады, деп жазады Alash.KZ.
Әншінің айтуынша, ол қазіргі уақытта күрделі отбасылық жағдайға тап болған. Жаңа туған қызына ота жасалып, сәби қазір ауыр халде. Осы себепті әртіс гастрольдік сапарын кейінге шегеруге немесе мүлде тоқтатуға мәжбүр болып отыр.
“Өкінішке қарай, бұл турды кейінге шегеруге немесе мүлде тоқтатуға мәжбүрмін (күте аламын десеңіздер). Себебі, менің жаңа туған қызым отадан кейін ауыр халде жатыр. Бар күшімді жинауға тырысқаныммен, сахнаға шығуға дайын емеспін“ деді өнер иесі.
Музыкант қиын кезеңде жанкүйерлерінен түсіністік танытуды және қолдау көрсетуді сұрады. Сондай-ақ, сәбидің сауығып кетуі үшін дұға тілеуді өтінді:
“Әрине, дәл қазір менің жарымның жанында болуым маңызды. Ол менің қолдауыма зәру. Сіздерден түсіністік күтемін. Кім не істей алса да — дұға етіңіздер. Бастысы — балаларымыз аман болсын!”
Jah Khalib соңғы жылдары Қазақстан мен көршілес елдерде бірнеше ірі тур өткізген болатын. Алайда бұл жолғы жоспарланған шаралар белгісіз мерзімге шегерілді.