Қытайдың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Фу Цун БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерришке жолдаған ресми хатында Жапония премьер-министрі Санаэ Такаитидің соңғы мәлімдемесін қатаң сынға алды, деп жазады Alash.KZ.
Бұған дейін Такаити Қытайдың Тайваньға жасауы мүмкін шабуылы Жапонияның ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін және бұл жағдай Токио тарапынан әскери әрекеттерге әкелуі мүмкін екенін айтқан болатын.
Фу Цун бұл сөздерді «халықаралық құқықтың өрескел бұзылуы» деп бағалап, Жапонияның Тайвань бұғазындағы жағдайға араласуына қатысты Қытайдың ұстанымын ашық білдірді.
Оның айтуынша, мұндай араласу Бейжің үшін агрессия акті ретінде қарастырылуы мүмкін.
Қытай өкілі мәлімдемесінде:
«Қытай БҰҰ Жарғысына сәйкес өзін-өзі қорғау құқығын батыл түрде жүзеге асырып, өз егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғайды», — деп ескертті.
Қытай Тайваньды өзінің ажырамас бөлігі деп санайды және «қайта біріктіру» саясатына күш қолдану нұсқасы да қарастырылатынын жасырмайды. Тайвань билігі бұл талаптарды мойындамайды және аралдың болашағы тек оның халқының шешіміне байланысты екенін айтады.