Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қынжылып отыр... Әншілердің де сорақы әрекетін кешірдіңіздер ғой»: Мақсат Ақановқа белгілі ақын араша түсті

16:12, 14 қыркүйек 2026

Маңғыстау облысында өткен сөз сайысында айтқан пікірі үшін алты айға өнерден шеттетілген Мақсат Ақановқа әріптесі, танымал айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов араша түсті, деп хабарлайды Alash.kz.

Ол әлеуметтік желіде арнайы жазба жариялап, халықты дарынды ақынның қателігіне кешіріммен қарауға шақырды.

Бұған дейін Шайыр ауылындағы айтыста Мақсат Ақановтың айтқан сөзі желіде тарап, үлкен талқылау тудырған болатын. Нұргүл Хасанова бастаған бірқатар желі қолданушылары ақынның сахна мәдениеті мен айтыс әдебін бұзғанын айтып, қатты сынға алған еді.

«Кешелі бері әлеуметтік желіде Мақсат ағамның Шайырдағы айтысы талқыға түсіп жатыр екен. Тұнып тұрған талант, топтан озған тұлпар ағамның атына небір әңгіме айтылып жатқандықтан, тып-тыныш отыра беруге арым жібермеді. Рас, жазды, жаңылды. Өзіне хабарласып, жағдайын сұрадым. «Ел алдында айыптымын» деп қатты қынжылып отыр. Төл өнерді төрге оздырған бапкер халқым, ауырды жер, серінің еркелігін ел көтереді ғой. Мақсаттай біртуар ақынның ағат қылығына кешіріммен қараңыздаршы. Сахнаға ес-түссіз шығып, бұтына елдің туын байлаған әлгі бір әншілердің де сорақы әрекетін кешірдіңіздер ғой. Мұқағали ақынның Бауыржан Момышұлына: «Ақын болып талай жерді араладым, Жақсыменен жаманды сараладым, Москваны қорғаған батыр аға, Бір ініңді қорғауға жарамадың», — дейтіні бар еді ғой. Қыз-жігіт айтысының озық үлгісін көрсетіп жүрген, сал-серілердің сарқыты бір ақынымызды кешіре алсақ, қорғай алсақ, жарар еді. Мақсатымыз көп емес қой...», — деп жазды Нұрлан Есенқұлов.

Айтыскер ақын өз жазбасында ақынның өкініш білдіріп отырғанын жеткізіп, елді абыройлы өнер иесін аяқтан шалмай, қолдау білдіруге үндеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар