Маңғыстаудағы Шопан-ата жерасты мешітінің құдығын зерттемек болған ақтаулық қазына іздеушіге бұл аймақты зерттеуге ресми түрде тыйым салынды, деп жазады Alash.KZ.
Ер адам Шопан-ата киелі-ескерткіш кешеніндегі құдықты зерттеуге рұқсат сұрап, өтініш жазған.
Қазына іздеушінің айтуынша, жерасты мешітін көптеген зияратшылар келіп көрген. Жергілікті қариялардың сөзінше, құдықтың ішінен бұрын екі шелек тиын жиналған.
Алайда өтініш иесіне құдықтың түбін зерттеуге рұқсат берілмеді. Ресми жауапта Шопан-ата жерасты мешіті республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілгені және оны алдағы уақытта ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұралар тізіміне қосу мәселесі қарастырылып жатқаны айтылған.
“Құдықтың ішінде қандай да бір заттардың бар-жоғын анықтау үшін арнайы зерттеу жұмыстары қажет, өйткені кез келген басқа әрекет тарихи-мәдени мұра объектісінің сақталуына қауіп төндіруі мүмкін. Мұндай жұмыстарды тек лицензиясы бар мекемелер жүргізе алады. Басқа тұлғалар жауапкершілікке тартылады”, – делінген ресми хатта.